Өлеңдер ✍️
«ЖҮРЕКТЕ ЖАТЫР БАР КІНӘМ»
Шағала құстай, теңізді аңсап, шарқ ұрам.
Сағыныш емес,
Жанымды өрті шарпыған.
Өкініш емес, өрт болып бойда өрілген,
Өлеңді сүйген жүректе жатыр бар кінәм.
Өлең боп соққан,
Жүректе ғана бар кінәм...
Бір бүтін емес, болмыста жүдеп жарты мән,
Жырақтан сүйіп, жанымды құшып сезім жүр,
Жауқазындайын исінен өмір аңқыған.
Өлең боп соққан,
Жүректе толқып бар шемен,
Өзеурей сүйіп, күтемін нені таң сенен?
Өзімді-өзім жазғырып, бірде жұбатып,
Көкейде жүрген көз жұмды ойлар, қанша ерен.
Өзімді-өзім жазғырып, сонсоң, жұбатып,
Өзімнен жеріп, өзгені ессіз ұнатып,
Өксиді жүрек, мысқылдай күліп, уақыт тұр,
Өлермендерді өз биігінен құлатып.
Өн бойымдағы өмірге ғашық сан үміт,
Өгей сезімнен, өгей мұңдардан жалығып,
Алдамшы күндер бола алмай жанға тағы құт,
Өлеңді ғана, жан-тәнімменен сағынып,
Күн кешіп келем,
Қуантар ма еді, сол өлең,
Өмірдей ыстық өз жүрегімнен табылып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter