Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  171


Автор: Толқын Қабылша

ҚАР СЕКІЛДІ БОЛА АЛСАҚ ҚОЙ, КІНӘСІЗ...

Мынау ғалам арылсын деп күнəдан,
Аспанға ұқсап,
Ағыл-тегіл жылаған.
Арашалап алғаусыздау үмітін,
Қара жерге қыламық боп құлаған,
Қар секілді бола алсақ қой, кінəсіз...
Ұлпасында мөлтілдеген мейірім,
Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін,
Зеңгір көктің ғаламаты секілді,
Кіршіксіз қар,
Аймалайды бетімді,
Адалдыққа сенгісі кеп шүбəсіз…
Ең аяулы сезіміндей аспанның,
Мынау қардың пəктігінен жасқандым.
Жанды баурап,
ақ ұлпасы мамықтай,
Ақша бұлтқа
ұшқым келді қалықтай,
Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды.
Мен де сендей,
ізгілікке құштар ем,
Естимісің?
Ақ ұлпа қар, қысқы əлем?!
Адалдыққа сеніп келем əлі де.
Ақұлпа қар, жанарымен аймалап,
Қара жерді құшты сосын, тайғанақ,
Бар шындығың осы болса, аяулы,
Тағдырыңның айтшы, кәне, мəні не?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу