Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.09.2022
111
«ТАҢСӘРІ»
Таңғы шықтар.
Тамаша сәт. Таңсәрі.
Арай таңның ашылған тұс аңсары.
Ақша бұлттың айқара ашып құшағын,
Жыр оқыдың,
жаның соны аңсады.
Тылсым өлең,
тамсандырып тұманы.
Тау суындай мөлдір жаны жылады.
Жыр оқыдың,
табиғат тұр ынтызар,
Тамшы жырдан тарқайтындай құмары.
Көктөбенің күн сүйгендей көк белін,
Жыр оқыдың,
күлім қақты көктемім.
Көкорайға күн шуағы ойысты,
Кезіктіріп қуанышты көп керім.
Жыр оқыдың,
күн керілді қуанып.
Күн керілсе, жаз келері бұл анық.
Көп күткендей, айшуақты мезгілді,
Қарағай тұр кәрі жүзі қуарып.
Керімсал жыр,
көркем үнмен үндесіп.
Көкжиектен бара жатты мұң көшіп.
Бәрін қойшы, мен бақытқа кенелдім,
Қапияда шын ақынмен тілдесіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter