Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  143


Автор: Толқын Қабылша

«ІЗДЕЙМІН НЕГЕ МЕН СЕНІ?..»

Сермелген сайын
уақыттың сенсіз семсері.
Сарнайды көңіл, басады бір мұң еңсені.
Сұп-суық күннен, селт етпес сонау қаладан,
Іздеймін неге мен сені?..
Қол бұлғап көктем,
жаз болып айлар жылыстап,
Қоштасып күзбен, қырауға тұнды күміс бақ.
Қаңтарын күткен қаперсіз мына көшелер,
Шашады қарды уыстап...
Сұп-суық көше,
Келемін сенсіз тыныстап,
Сезімсіз, сенсіз халім бар қыспен ұғыспақ.
Құлатпай келем – тым асқақ мендік арманмен,
Сағыныш туын тік ұстап.
Сап-сары күзде
жоғалтсам дағы мен сені,
Жадымда жүрген елесің неткен еңселі?
Жыр жанарына мөлтілдеп тұнған ғұмырдың,
Сенбісің, әлде өлшемі?..
Сағынып келем,
сағына берем мен сені.
Сүю дегеннің болмайды-ау мекен, мөлшері.
Жеті қат жер мен аспанның кезген арасын,
Өлең деп ұғам мен сені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу