Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  164


Автор: Толқын Қабылша

САҒЫНЫШЫМ – ҚУАТЫМ!

Алды – соқпақ, арты – мұң,
Жеткізбейтін жол мына.
Абақты ғой, бұл ғұмыр,
Ақылды мен арлыға.
Аңсарыңды бұғаулап,
Арманыңа құн кескен,
Сағынышың жазалы,
Құштарлығың – ол күнə.
Асу, асу жолдардан,
Бетегейлі белдерден,
Ғайып болды қанша арман,
Мен сүйініп, сен сенген.
Иір-қиыр мына жол,
Талай мұңның куəсі,
Шындығының шырайын,
Тағдыр өзі көмкерген.
Ақын болу азабын,
Адам болу мұратын.
Сезіндірген бұл жолда,
Сағынышым – қуатым!
Қимастығым жанарда,
Құштарлығым кеудемде,
Шынайыға шын құмар,
Ғұмыр, бəлкім, шын атым!
Алды шаттық, арты мұң,
Сағым құшқан жол мына.
Сол сапардан бақ күткен,
Ақылды көп, арлы да.
Жолайрықта бір үміт,
Қол бұлғайды, қимаймын.
Сағынышым – кінəсіз,
Құштарлығым – ол күнə.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу