Өлеңдер ✍️
ЦЫГАН ҚЫЗЫНА
Цыган қызы!
Бал ашпай-ақ сен тегі,
Ертең ақын Алматыдан кетеді!
Менің тартқан гитарамның сазына,
Біраз ғана билеп берсең жетеді!
Биле-биле!..
Жүрегіме жыр жағып,
Қара көзің күміс айға нұрланып!
Қызғанса өмір...
Берген бағын өзі алсын!
Тым болмаса...
Ләззатын ұрлалық...
Жанарымда жасырынған жас қалсын!..
Махаббаттың балын маған ашпа шын.
Онсыз да ақын қағып беріп кетеді,
Қалтадағы сыра ішетін ақшасын.
Сүйген қыздың бұрымына гүл өріп,
Енді ойнамас...
Көкіректе күй елік!
Сабыры жоқ –
Сүлу сырын тыңдадым,
Көк таулардың көкірегіне сүйеніп...
Енді ол қыз жоқ...
Толқын ғана шулайды!
Асау жүрек –
Сезімге бет жумайды.
Құралайдай хаса сұлу туғанмен,
Мен секілді –
Ғашық ақын тумайды!
Енді ол қыз жоқ...
Толқын ғана шулайды!
Биле, цыган!
Ұмытайық барлығын!
Көкірекке жара салған жар мұңын...
Сенің аздап қайыршы боп туғаның!..
Мен аздаған...
Махаббатқа жарлымын!
Биле цыган!
Ұмытайық барлығын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter