Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  92


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

НАН МЕН БОМБА

Жүрекке жетті...
Тағы да бір мұң жебелеп!
Жабыққан сәтте –
Қанатты, Музам,
Келе кет!
Моданы қуған –
Қуыршақ қыздай құбылған,
Ойсыз да,
Отсыз –
Ақынның жыры не керек?
Отаным бейбіт!..
Қырық жыл өтіп барады...
Жазылды жер де,
Жазылды солдат жаралы.
Өздері тумай...
Келмеске кеткен соғысты –
Кинодан көріп,
Балалар мәз боп қалады...
Шүкір ғой, әйтеуір...
Ауыздан қалып,
Нан дағы,
Ұмытып кеттік:
Қара көже мен
Жарманы!
Миллиард пұттан –
Тоқаш пісірсең төбе етіп,
Қол созым жерде –
Тұрады – дейді ай дағы...
Кім білсін,бәлкім...
Қол созым жерде тұрар да!
Аштықтың жайын –
Қарны тоқ бала ұғар ма?
Жердегі нанды қалтақтап шалдар көтерсе,
Қалтаға қол сап,
Немере тұрса ұнар ма?
Өткен күн өлген...
тарих шаңын жамылып!
Ұзыннан-ұзақ –
Батысқа состап ағылып.
Жарадар болып,
Бейбіт күн кірді ауылға:
Жауынгер болып,
Төсіне медаль,
Тағынып!
Бүгінде соның бәрі ұмыт,әттең!..
Дариға...
Қырық жыл өтт!..
Жармасқан жоқпыз қаруға.
Бір елдер сонау –
Мұхиттың арғы жағында:
Бейруттың бейбіт,
Еліне ойран салуда!
Шегелі бомба,
Шарикті бомба жаруда!
Жұмыр жер төсі –
Бомбадан дал-дұл тесіліп,
Зұлымдар ұлып,
Табысып жатыр есіріп.
Бүлінсе ғалам –
Қалайша, жырым, жатасың?
Миуа бақтың көлеңкесінде көсіліп!..
Миллион сомдар!
Миллиард сомдар!
Долларлар!..
Миллиондаған:
Аш-жалаңашты қорғаңдар!
Қырық жыл өтті...
Хиросимаға шөп шықпай,
Жазылған жоқ қой,
Жарадар болған ормандар!..
Бейбіт күн жайлы –
Көп болды бір жыр жаза алмай...
Торлады бұлт...
Көңлімнің көгін қағаздай!
Қонақтап жатыр Еуропаның төсіне,
Қанатын жайып,
Ракеталар ажалдай...
Көгілдір сонау:
Сағымды қала, далаға,
Тағы да ажал...
Қара қанатын жая ма?
Палестинада қарны ашқан жетім балаға,
Нанның орнына –
Бомба ұстатқанмен ала ма?
Ұстатқанменен:
Алданбайды да...
Алмайды!
Диханға қазір –
Күлді – көмешті нан қайғы!
Гүжілдеп тұрған –
НАТО-ның қара танкісін,
Соқаңа жегер –
Қара өгіз десең,
Нанбайды!
Лондон,
Париж,
ФРГ-ны тұман тұмшалап...
Бәріне соның:
Фашизм күліп тұр қарап!
Балықшы үшін –
Сүңгуір қайық не керек?
Қымбат қой оған –
Қазанға түскен бір шабақ!
Аспан төрінде –
Жаудырап жұлдыз жанғанда,
Тыныштық керек...
Көшеде түнеп қалғанға!
Əлемге ертең –
Бейбіт күн шықсын күлімдеп!
Ұйықтасын адам –
Үрейсіз күтіп,
Таңды алда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу