Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  128


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚАРА БҰЛТТАР – НАЙМАНДАРША КӨШЕДІ!

Сонау тұрған –
ТАРБЫҒАТАЙ етегі:
Ақындар мен батырлардың мекені.
«ТАЗ» ТАУЫНАН –
Аспанына қол созсаң,
Қаңғып ұшқан бұлтқа қолың жетеді!
Бөктерінде:
«Ойшілік» пен «Құлбабас»,
«Ақсуаттың» кең жазығы етегі...
Одан әрі:
«Түйемойнақ», «Қызылтас...»,
«Қызылтастың» жықпылдары кешегі,
Ел басына күн туғанда –
БАБАМЫЗ –
Қабанбайға пана болған» – деседі!
Бұғып жатқан жолбарыс тау «Өкпеті»,
«Туған елге Ана болған» – деседі...
Бұл далада:
Тау да Анаң,
Тас та Анаң!
Шыңдарына дұшпан аяқ баспаған.
Мелш етпейтін күңгірт құзы сұстанып,
Шежіресін еш адамға ашпаған...
Кезіміз көп:
Жылаған да,сорлаған!
Отан ұшін сорламауға болмаған...
Отан үшін!
Теңіздей қан төгіліп,
Қанды кешпей қорғамауға болмаған.
Дәл іргеңнен қасқырға ұқсап-ұлысып,
Бірін-бірі иіскеген жоңғар-аң.
Одан әрі –
Құмырсқадай көп қытай,
Қылиланып қарап отыр қорғаннан.
Батысыңда кіші жүзден бата алмай,
Тағы бір жұрт сығалап тұр орманнан!..
Солтүстіктен қыпшақ қылыш суырса,
Қыбылаңды:
Үйсін, Қаңлы қорғаған!
Осылайша қорғанбасақ болмаған.
Оның бәрі – өткен өмір кешегі...
кешегісін – ұмтпас ел өседі.
Көршісіне суықбас ел – өшеді...
Білге қаған, Тоныкөк пен Құлтегін,
Орхон бойын мекендеген деседі...
Алтай таудан ақырғанда Құлтегін,
Жаңғырығы Ақеділге жетеді!
Соның бәрін аңыз қылып Арқадан,
Аңқылдаған аңызақ жел еседі.
«Тарбығатай» өр шыңдарын бөктерлеп,
Қара бұлттар –
НАЙМАНДАРША көшеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу