Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  129


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

МЕН СҮЙГЕНМІН...

Мен сүйгенмін...
Ол мені сүйе алмаған!
«Сүйем!» – деген,
өзінен ұялғаннан...
Алғаш сонда жас тұнып жанарымда,
Ағыл-тегіл жылағам қуанғаннан.
Көктем келді манаурап маужыраған,
Алабұртып аспанда ай қызарған!
Баққа барсам,
Саз төгіп сандуғашым,
Əппақ гүлі алманың жауды маған!
Жатағы онда ҚазМУ-дің –
Дұман еді...
Дұманды өмір маған да ұнап еді.
Қабырға газетінен жырымды оқып,
Айдар тағып,
Ақын деп мына мені,
Əсіре қызыл гүлдей тез құлпырар,
Əсіресе, қыз жағы шулап еді...
Кейбіреуі: «Жыр жаз», – деп,
Қинап еді.
Бірақ...
Менің жүрегім жырламады!
Жырламады,
Тәрк етті бұл ғаламды...
«Суфиксті білмесең,
Көшпейсің!» – деп,
Ұстаз ағай бір жақтан бұлданады.
Ұстазымыз сұраудан ерінбейді,
Бесті қайтем,
Берсе де тегін, мейлі!..
Махаббаттың: «Зат есім» екені рас!
Тас та емес, тау да емес...көрінбейді!
Жалғыз тамшы жасым ғой көзімдегі...
Мен жырладым!
Жырламай тұра алам ба!?
Көктем келіп,
Көк орман шулағанда...
Қыз біткеннің бәріне ұнағанда...
Ұнамады-ау өлеңім...
ҚҰРАЛАЙҒА!..
Ұнамады-ау өлеңім...
ҚҰРАЛАЙҒА!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу