Өлеңдер ✍️
БУРА
Бұрқырап қуған мені ана қырдан,
Қайда, ата,
Жынын шашқан қара бураң?
Мойынын жерге салып жөнелетін,
Көрінсе,
Көз ұшынан қараң-құраң.
Қаңтарда кәрлі боран үскіретін,
Қақаған қайратына қыс мінетін.
Домданып,
Ішін тартып,
Бұты ұзарып,
Бойына ойсылқара күш кіретін.
Аязға қара шуда қырауланып,
Құбылып күміс түгі тұрар жанып!
Көзінен қара жасы моншақтаса,
Бар ауыл:
«Құтырды», – деп қылар қауып...
«Ием», – деп,
өзге атамнан жанды ұқпайтын,
Алдында –
Тау тұрса да қаймықпайтын!
Шыдамай ата күштің қызуына,
Шөкелеп мұзға шөгіп,
Қарға ұйықтайтын.
қызарып көкжиеке –
күн аунайтын...
жететін қырға сусыпжыландай түн.
Бұйдасын бура үзіп шаба ма деп,
Қыз-қырқын су төгуге шыға алмайтын...
Қаңтарда қара бура жарағанда,
Шығып ап шабынғанда «Қараобаға»,
«Атамның бурасына шөктірем», – деп,
Шікірейіп жүруші ем балаларға...
Ренжитін жай аз ба,
Расында...
Көнесің,
Дәтке қуат қыласың да.
Бәз біреуді қорқытқым кеп жүремін...
«Атамның шөктірем, – деп, бурасына!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter