Өлеңдер ✍️
КЕКТІ ҚҰЛ немесе Спартактің монологі
Əкел! Қара тұлпарымды мақпалдай!
Жанарына шайтан отын жаққандай.
Ұшқырлығы жеткізбейтін қиялдай,
Өжеттігі –
Оққа ұмтылған қас жаудай !
Ұмыт болған...
Салып ата сүреңін,
Ақырғы рет –
Қанды ұрысқа кіремін!
Ердің жаны –
Намысынан садаға,
Ақ сауытты –
Кебінім – деп киемін!
Ез қолында өткір қылыш қайраулы,
Суырылмай қында тозса –
Сол қайғы!
Қара бұлттан жауымызға жай тастап,
Көк тәңірі –
Зевс бізді қорғайды!
Еңсемізді құлдық қамыт басқалы,
Көргеміз жоқ аренадан басқаны...
Көк сүңгіміз –
Қатып қалған кегіміз,
Баспанамыз –
Тәңірдің көк аспаны...
Үш жыл өтті:
Ер жастанып,
Қан кешіп...
Дабыл ұрдық,
Жан таласып,жан десіп!
Біз қорғаған БОСТАНДЫҚТЫҢ жолында,
Талай-талай ердің басы –
Қалды есіл...
Қалады әлі...
өкінбейміз оған түк!
Үйренгенбіз басымызды жоғалтып!
Кісенделіп қорлық ғұмыр кешкенше,
Қанды семсер сілтеп өлген сол артық!..
Гладиатор!
Ұр жорықтың дабылын!
Қанды жорық...
Есін алсын жауымның!
Алдыңдағы –
Қашқын шықса АҒАДАН,
САТҚЫН БОЛАР –
Соңнан ерген БАУЫРЫҢ!
Гладиатор!
Ұр жорықтың, дабылын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter