Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.09.2022
108
ӘЖЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ
(Рашат Теміржанұлы мен Иренғайып Нұртазаұлының рухына!)
Хабарсыз кетті дейді
Соғысқа кеткен інісін.
От шарпып өтті дейді
Тарылтып мүлде тынысын.
Хабарсыз кетті дейді
Елінің есіл боздағын.
Жарқ етіп өшті дейді,
Шерімді неге қозғадың?
Хабарсыз кетті дейді
Қайнысының біреуін.
Үмітсіз етті дейді
Тілеген ана тілеуін.
Хабарсыз кетті дейді,
Қалған ел қиналыпты.
Ауылдың кәрі-жасы
Бір үйге жиналыпты.
Хабарсыз кетті дейді,
Белгісіз болғаны ма?
Айналған азаматты
Елінің қорғанына.
Хабарсыз кетті дейді,
Сенбейді өлгеніне.
Көрсем деп көп тілейді,
Куә жоқ көмгеніне.
"Хабарсыз кетті" деген
Қағазды ап қолдарына,
Бір хабар келе ме деп
Қараған жолдарына.
Өтіпті қанша уақыт,
Үміттің сөнгені ме?
«Хабарсыз кетті» деген
Хабардың келгеніне.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter