Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  105


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ПЕНДЕШІЛІК ЗАРЫМ

Ойласаң мұң көп басымда,
Қасірет түсіп жасыма.
Опасыз дүние алдады,
Дос-жар жоқ менің қасымда.
«Жан қиярмын» дегеннен,
Көрмедім көмек асында.
Не бір тарақ қағазбен,
Бермеді ықылас расында.
Қырық бір жылы өмірдің,
Жасаған дәурен жасымда.
Осы ауырлық орнар деп,
Ойлап ем қашан басында.
Көрдім, міне, тар орын,
Қиындықтың мол зорын.
Баста ерік жоқ, теңдік жоқ,
Жақсы деп бұдан ақ өлім.
Зарлайсың Хаққа, зарлайсың,
Көтеріп көкке бұл қолың.
Қабылдық мезгіл кездеспей,
Көрмеске дұспан бұл торын.
Мұнымен қоймай мұң-қасірет,
Әр жақтаған бұл жолым.
Тіршілік жолы қиындап,
Шеттеп келіп қиырлап,
Басты тығып тарлыққа,
Кездесті үйге жиындап.
Қатын-бала аштықта,
Ұшыраған қиындап.
Қаңғытқан қолдан баласын,
Өлместік жол деп сыйымдап.
Көзден таса қылмайтын,
Ағатайлап тұрмайтын,
Мені көрсе еш жанға,
Мойынын да бұрмайтын.
Үкіжан кетті қаңғырып,
Тұрмысқа көніп зорлайтын.
Молдағатай айтайын,
Көргенім дер Қамашым.
Ойбай, қызық болды деп,
Ойынды өте қолдайтын.
Қутың-қутың жүгіріп,
Тұрақтап бір уақ тұрмайтын.
Балапандар бөлініп,
Жара салды жүрекке,
Дегендей болып оңбайтын.
Қолдағы бала екі арық,
Күйсізденіп өте арып,
Басы жерден көтермей,
Болып қапты зор ғарып,
Әрі аурулық, әрі аштық.
Екі жақтап қаналып,
Таянышы – бір Құдай.
Барлық жоқтық саналып,
Соны көріп миы ашып.
Барады ақылым таралып.
Тәрбиеші – анасы,
Қолдан келмей шарасы,
Көздегені мен болып,
Өшкен мұң мен санасы,
Жүгірген зырлап көшеде,
Бардай-ақ жұртта аласы.
Ақыл сұрау не көмек,
Көрінсе дос-жар қарасы.
Сонымен бала есте жоқ,
Еңіреп жылап құрыған.
Үйде жатып шамасы,
Бар таяныш бір тағдыр.
Кездесер рахмат мыңнан бір,
Қаһарынан Тәңірдің.
Саналады бұл бір түр,
Мойындап көрдім, шынықтым.
Деген соң Тәңірім мұны көр,
Мұңды ойлаған мезгілде,
Шығады менен ащы тер.
Лепірген көңілім басылып,
Болып қап тұр қара жер,
Жалғыз-ақ ойда бекіген.
Кеңдік, тарлық егіз тел,
Тарлық көрдім ей, Аллаһ!
Кеңдігіңді тезден бер,
Деп тілеймін, зарлаймын.
Теріткен соң іште шер,
Леп шығардым зарменен.
Қаңбақ болдым қуып жел,
Қайырын берсін не істің.
Ағайын, дос-жар мұны көр,
Тілектес бол бәрің де,
Көремін соны үлкен бел.
Жансыз қатынас етерлік,
Дос-жарларым мыңнан бір,
Ұзын мұңның жемісі.
Ұғынған зат ұғып біл
Сөз тоқтаттым еркіммен,
Кездесер деп қандай түр.
1932 жыл, иүлдің 28-і.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу