Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  114


Автор: Дихан Қамзабекұлы

СЫРЫМ

Мен қуансам, жас баладай қуанам,
Көрген адам талай деген: «Есалаң!»
Мен қайғырсам, орнатамын қиямет,
Жас баламын – тағы да тез жұбанам.
Күлсем егер, есім шығып күлемін,
Жылағанда, қап-қара қан төгемін.
Қасым болса, қанын ішкім келеді,
Досым болса, жолында оның өлемін.
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін, жан-денесін бергенше.
Жан-денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем құшағыма өлгенше.
Ол күледі, мен де есалаң күлемін,
Ол жылайды, мен де жасым төгемін.
Құшағымда жан-тәнінен айырылып,
Өледі әйел, мен де бірге өлемін.
Тағы да көрем, тағы күлем, тірілем,
Есім шығып, тағы тұзаққа ілінем.
Өмір – дала, тапыл басқан мен – бала,
Тапыл-тапыл, дамыл-дамыл сүрінем.
Өмір-өзен, үміт шабақ ойнаған,
Жел сөзбенен шабақ аулауға ойлаған.
Мен – есалаң, мен нәресте, үміт – от,
Жүз күйсе де, қармануын қоймаған.
«Өзім – Тәңірі, өзіме-өзім табынам», –
Деп көпіріп, зор Тәңірге шабынам.
Егерде енді ауыңқырап кетсе бас,
Сол Тәңірге жасым төгіп жалынам.
Міне, оқушым, осы менің бар сырым,
Бояу деген ойымда жоқ, жоқ сырым.
Сен не дейсің?.. Құлағындай есектің
Ерніңе күлкі келді-ау, жарқынам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу