Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.09.2022
169
ИМАН ЖОЛДАС
Өлімнің болжалы жоқ келетұғын,
Әр пенде Хақ жазғанын көретұғын.
Иманын жолдас етсін әр пенденің
Уақыты жетіп, күн болса өлетұғын.
Құдайға түгел қиып жүре беру,
Еш пайда жоқ қайғыдан өлетұғын.
Көп артық себепсіз-ақ кез болады,
Уақыты жетсе Құдайдың беретұғын.
Азаптанып жиған мал, қатын-бала,
Өлсең, саған бірі жоқ еретұғын.
Екі-үш қабат ақ бөзге орап қана,
Терең қазып, тепкілеп көметұғын.
Есі бүтін ер жеткен балаң болса,
Быт-шыт қылып малыңды бөлетұғын.
Бұ сөзге пыһым етіп, назар салсаң,
Күн қайда өлмес бұрын өлетұғын?
Ғибрат бар әрбір түрлі бұл сөзімде,
Ерлерге сөз асылын білетұғын.
Отырып әрбір түрлі ойға салсам,
Орын жоқ бұ дүниеде күлетұғын.
Сізлерден өтінемін, дін-қарындас,
Не хайла бар нәпсіні жеңетұғын?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter