Өлеңдер ✍️

  05.09.2022
  85


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мен – Ұлыған Көк Бөрісі Даланың...

Мен–
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым:
Күпті–
Сайран салған қайран көңілім!
Бітті...
Ойран– заманым!
Ақындардың соры– қалың, бағы– аз да.
Қара тағдырым– қасіретті қағазда.
Іш тартпасын көрдім саппас тобырдың,
Саппастығын сезіп қойған сабазға.
Көрдік біздер не бір қара беттерді.
Кеудемізді керемет бір кек керді.
Замандастың бәрі иілді заманға.
Біз тік тұрдық.
Бізді ол, сонсон, жек көрді.
Содан кейін сотталғанбыз сан рет.
Соттала сап ақталғанбыз сан рет.
Ақтала сап тағы да бір Сұмменен,
Сұмырайға тап болғанбыз сан рет.
Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,
Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп–
Шатысып...
Көзге ешкімді ілмей,
Қырт–
Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт–
Ақындарды ұстайды енді өзіндей
Өлімтікпен– бірдей ғып!!!
Мен–
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді–
Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді–
Сұм иелену заманын!!
Қайтем енді құлға кеткен есемді?
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Бітті менің заманым!
Хош, енді...
2004-12




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу