file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  03.09.2022
  244


Автор: Дихан Қамзабекұлы

Жаратқан, Алла, Құдай туралы

Көп қайда болса, Құдай сонда.
Тобы бірдің Тәңірі бір.
Бекерден бекер жатқаннан Тәңір безер.
Момынның есебін қу табады,
Қудың есебін Құдай табады.
Аққа Құдай да жақ.
Мінсіз Құдай, кірсіз су.
Сүзеген сиырға Құдай мүйіз бермейді.
Алла деп барсаң, аман келерсің.
Құдайға сыйынған құстай ұшады,
Адамға сыйынған мұрттай ұшады.
Ауыз – дарбаза, сөз – самал,
Құдай ұрғанға не амал?
Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырар.
Алла кешірер, аруақ кешірмес.
Жақсы жар – діннің жартысы.
Жас өле ме, кәрі өле ме – Құдай біледі.
Құдайсыз қурай да сынбайды.
Алдағыны Алла біледі.
Аллаға жағайын десең – азаның,
Қазыға жағайын десең қазаның болсын.
Шәйден басқа асым жоқ,
Құдайдан басқа досым жоқ.
Адам бағын Алладан табады.
Адамның басы – Алланың добы.
Тәуекелдің тауы – бір Құдай.
Құдайдан сұрасаң кешірер,
Кісіден сұрасаң, екі көзіңді өшірер.
Құдай деген құр қалмайды.
Момынның ақысын Құдай жемейді.
Білмес Құдайды білмес,
Көрмес түйені көрмес.
Құдайдан қорықпағаннан қорық.
Төртеу түгел болса,
Төбеден жерге келтірер.
Кәпірді суық көріп, мұсылман қой.
Ай кірсіз, Құдай мінсіз.
Ақжалау барда малым бар деме,
Әзірейіл барда жаным бар деме.
Уәде – Құдайдың бір аты.
Алладан басқа панам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
Әр қамалға – бір зауал.
Қапа, опа – екеуі де Алладан.
Жалғыздың жары – Құдай.
Тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемес.
Таңғы тамақ – Тәңірден.
Қабылы – Алладан, қамы кімнен?
Сабыр – иманның жартысы.
Халық сүйгенді Тәңірі сүйеді.
Айдан басқа да кір көп,
Құдайдан басқада мін көп.
Тозбасты ұста соқпайды,
Өлместі Құдай жаратпайды.
Құдайдан – бер де тіле.
Құдай ұрғанды қоса ұрмаса,
Құдайдың жандай досы бола алмайды.
Құдай сараң емес,
Сақтай алмайтын жаман емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу