Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  113


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚЫРҒЫЗДАР, ҚЫРҒЫЗДАР

Аспанның көрші етіп жұлдыздарын,
Жайлаған Алатаудың шың-құздарын.
Мәңгілік туысқаным, мәртебелім,
Ассалаумағалейкум, қырғыздарым!
Қалайша жүрек сыры шертілмесін?
Жақсы күн жаныма мұң келтірмесін.
Қырғыздың кемеңгерін таныстырар,
Қайдасың, Бөлекбаев Еркін досым!
Жамбыл бабам бұл жаққа ат терлетті,
Кенен атам арманға сәтті өрлепті.
Орман ханның асында, Сүйінбайға –
Бірде-бір ақын, жыршы шақ келмепті.
Тарихты білеміз біз көрікті,
Сүйінбайдан қалған бір із болыпты.
Жомарт қырғыз жүлдеге ақ отау мен,
Мейіз деген ең сұлу қыз беріпті.
Ботаның көздеріндей айна көлі,
Ондағы өмір бейбіт, сайран еді.
Сүйінбай өшпес белгі қалдырған жер –
Айтшы дос, Ыстықкөлдің қай жағы еді?
Көп болған біздің елде ұлы абыздар,
Ұлы абыздан шежіре сұраңыздар.
Қырғыздың тасқа басқан таңбасындай,
Алтай жақта сақталған бір аңыз бар.
Жеңіспен тамамдаған бар жорықты,
Қырғызда Жақып деген хан болыпты.
Бірнеше сүйкімді қыз өсіргенмен,
Сол Жақып жалғыз ұлға зар болыпты.....
Қасиетті Өр Алтай даласында,
Жақыптың қолы жеткен бар асылға.
Әйгілі Манас батыр туған екен,
Ұлық көл Үліңгірдің жағасында.
Алланың Жақып көріп шапағатын,
Ұлына арнады бар махаббатын.
Осыдан мың жыл бұрын Үліңгірім –
«Кішілбаш», «Үріңгі» деп аталатын.
Елмен тойлап шыққан күн, батқан айды,
Жақыпқа қыдыр қонып, бақ қарайды.
Өміріме өзгеріс әкелген деп,
Бурылтоғай атапты «Ақтоғайды».
Әлмисақ әпсанасын меңгергенмін,
Алтын бесік Алтайда тербелгенмін.
Айыр қалпақ Қырғыздар, сыйла мені,
Ер Манасың туылған жерден келдім.
Қырғыздар, Манасты айтса еліресің,
Жан-жүйең бордай босап егілесің.
Бабамның алтын басын іздеп жүрмін,
Ол туралы қырғыздар не білесің?!
Көп бұрдым көңілімді көне күнге,
Өзіңсің серігім де, сенерім де.
Өздеріңнен көп менің аларым да,
Өздеріңе көп менің берерім де.
Қырғыздың құдіретін әлем көріп,
Жазылған әлде қашан дәлелденіп.
Манас пен Айтматовты туған елге,
Ақын қазақ келіп тұр сәлем беріп!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу