Өлеңдер ✍️
АҒАЙЫНҒА АҚ ТІЛЕК
Тайталаста табанымыз таймасын,
Тілім сайрап, тіршілігім жайнасын.
Европаға іздеп келдім сендерді,
Қазақтарым, қандастарым, қайдасың?!
Ұран болар жыр әкелдім сетерлеп,
Оғлан ұрпақ ұлттың даңқын көтермек.
Сағындық-ау, тұтас тұлға бола алмай,
Жер шарының әр түкпірін мекендеп.
Рахым нұры жауып тұрса аспаннан,
Аңсамаймыз басқа бақыт, басқа арман.
Европа көкжиекке жетсе де,
Өркениет Азиядан басталған.
Тұлғасындай анау Альпі шыңының
Эйнштейн тапса ғылым-тұнығын.
Сол ғалымдар жалғастырды деп білем,
Әл-Фараби бабамыздың ілімін.
Шопэнгауэр, Гегель неміс жұртында,
Пәлсапамен ұлы еткен ұлтын да.
Ибн Сина Гуфеландтың ұстазы,
Құрманғазы Бетховенмен бір тұлға!
Гете, Шиллер, Шеффер ақын арайлы,
Жырларымен тамсандырған талайды.
Сұрайыншы білер ме екен немістер,
Асанқайғы, Қобыз-Қорқыт, Абайды?
Әр халықта Хакімдер мен ақын көп,
Ойшылдарға жүрміз солай мақұл боп.
Қазағымды танымаса өзге жұрт,
Менің оған бас июге хақым жоқ.
Мықты ұстадық сертке соққан семсерді,
Болайық біз ұлттық рухқа белсенді.
Қазақстан – атажұртың бар сенің,
Қандастарым, асқақ ұста еңсеңді.
Көріп өстік кешкі шапақ, таң нұрын,
Басымызда бақытымыз бар бүгін.
Отанына арнау керек әр қазақ,
Өз қолынан келетіннің барлығын.
Бұлақ болып құймаймыз ба теңізге?!
Ұқсайықшы асыл тек пен негізге.
Қандастарым, түсіп кетіп көп ізге,
Өз нәсілін өзгерткен ел дегізбе!
Қазақпыз деп мақтанайық қол соға,
Әлжуаз ұлт емеспіз ғой соншама.
Туған жердің топырағына жете ме,
Басқа елде меншік қалаң болса да?!
Бұл жиналыс аңыз болып таралар,
Келді мұнда ойшыл дана, ағалар.
Келді мұнда өнердің ұл-қыздары
Сағынған ел байыппенен бағалар!
Құрылтайың құтты болсын қалың көп!
Жарты әлемге жар салайық, мәлімдеп.
Жүрейікші бүтін дәнді бөліп жеп,
Жүрейікші жарты дәнді жарып жеп.
Жанымызға жоламасын үрей-мұң,
Бір түйіні болады ғой мың ойдың.
Аман болсын қазақ қайда жүрсе де,
Алладан мен жылап тұрып тілеймін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter