Өлеңдер ✍️
АТАЖҰРТЫН АЛЫСТАН АҢСАҒАН ЕЛ
Арман болған өр Алтайдың биігі,
Мұқалтпаған мұң мен зардың күйігі.
Армысыңдар, алтынымның сынығы,
Бармысыңдар, асылымның қыйығы.
Бұзып өткен тас қамалын тағының,
Жүзіп өткен қасіреттің ағынын.
Қайсар елге тағзым етіп келдім мен,
Тарихынан алайын деп тағылым.
Туған жердің бұлт торлап аспанын,
Қалып қойды бауырында басқаның.
Алтай, Боғда, Баркөліңмен қоштасып,
Сен ғаламат көш-керуен бастадың.
Ойран болып сауығы мол, сайран ел,
Кетті- ау солай бастан бағы тайған ел.
Айдаһарлар айналаңнан анталап,
Туған жерге симадың-ау, қайран ел!
Етек- жеңін қымтап кетіп барады,
Атаға ерген ұрпақ кетіп барады.
«Елім-айлап» ағыл-тегіл еңіреп,
«Ағажайды» шырқап кетіп барады.
Зар заманды біліп кетіп барады,
Тәуекелге мініп кетіп барады.
Ауылымен құрып кетіп барады,
Ата жауды қырып кетіп барады.
Жазымыштың жәбірін көп көрген ел,
Ерлер болды Ел тізгінін меңгерер.
Сетінемей серкесіне сенген ел,
Көшін қосты көсеміне көнген ел.
Оққа ұшып ағалар мен жеңгелер,
Такламакан шөлінде қап өлген ел.
Өлгендерін түйесіне артып ап,
Гималайдың жотасына көмген ел.
Үміт, күдік тайталасып бір жүрер,
Келер күннің не сыйларын кім білер?
Сринагар, Пешавардан өткенде,
Қайран қалды Пүштұн, Ұрду, Үнділер.
Ата жауың аспаныңнан бомбалап,
Көше бердің күндіз-түні жол қарап.
Жеттің әрең қамқор Анадолыға,
Қызыл қаның қос құрлыққа сорғалап.
Еш сұраусыз қандарыңды төкті жау,
Аз ғұмырда тартқан азап көп мынау.
Жан қысылып пана көріп жақынды,
Түбіміз бір Түріктерге жеттің-ау!
Сен даңқты ерлік үшін тудың ба?
Дәмін таттың ащы сор мен удың да.
Сауыс болып қатқан қанды денеңе,
Анау Мәрмәр теңізіне жудың ба?!
Мәйегі боп алуан тағдыр, түрлі ойдың,
Биік рухтың жалауы боп тұр деймін.
Күллі адамзат тарихында осындай
Қан жаудырған көш болғанын білмеймін.
Өсиет қып шежіресін, аңызын,
Көз жұмыпты көп баһадүр, абызым.
Зиратына зиярат қып қайтайын,
Марқұмдарға дұға оқу парызым!
Сіздерге айтар жауынгер жыр-әнім бар,
Бір тілекті туыстарым қабылдар.
Басқа болу қолдарыңнан келсе де,
Кейінгі ұрпақ қазақ болып қалыңдар!
Жарқын болсын жігіт жүзі, қыз өңі,
Бақ теңізде ақ кемеміз жүзеді.
Елу жылдан бұрын артта қалған ел,
Атажұртқа көшін енді түзеді.
Келдім іздеп толықсыған шағымда,
Алтайымның түйір тасы жанымда.
Жер сағынсаң мені құшып, сүйіңдер,
Ертісімнен бір тамшы бар қанымда.
Жарлы байып, жас марқайып өседі,
Айналайын ағайыннан көшелі.
Сау-саламат дидарластым сіздермен,
Көкейтесті бір арманым осы еді.
Бірге жүрсем бар қуаныш, бар тойда,
Санамдағы сағынышым тарқай ма?
Сәлеміңді ала барам туыстар –
Атырау, Арқа, Алатау мен Алтайға!
Мәңгілік жыр ерлігі мол өткенің,
Шапағат-нұр себелесін көкте күн.
Алла тағы нәсіп етсін көруге,
Басқа тілік, бұйымтайым жоқ менің!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter