Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  91


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БІР БЕЛГІ

Мекендедік ұлан-байтақ кең жерді,
Армандаған асыл ғасыр келді енді.
Азаттығым қайта жақты сөнгенді,
Азаттығым тірілдірді өлгенді.
Табайын да тұлпар келген көмбемді,
Орнатайын ескерткішке мен белгі.
Айналайын, аймалайын жырыммен,
Туыстарым, аңсап келдім сендерді!
Ұлыларға ұран болған бұл мекен,
Сенің өршіл рухыңды үлгі етем.
Пышақталып құрсағында ананың,
Әмір Темір қалай аман туды екен?
Бас сүйектен мұнаралар орнатқан,
Бабыр бабам қайтып сайран құрды екен?!
Далалықтың данышпаны біліпті-ау,
Кімдер дұшпан, кім тілеулес, кім бөтен?
Ойқой, менің сырға бөккен күй далам,
Саған кәусар сөз таба алмай қиналам.
Шайырларым Науаи мен Низами,
Аттамаған иманындай ибадан.
Жарты әлемге жырын жатқа айтқызған,
Мен оларды жыр пірім деп ұйғарам.
Ғафиз ақын бір сұлудың меңіне,
Самархан мен Бұхараны сыйлаған.
Ғафур Ғұлам ізін табам қай маңнан?
Ол да өтті тайталасып қайғы-арман.
Рашидов Шараф ағам – мақтаным,
Қаламгерден қайраткерге айналған!
Бабалардың асқақтаған әнімін,
Ташкентімді тәлейлі еткен тәңірім.
Сол шаһарда «Қарлығаш би» атанып,
Жатыр әне, менің Төле алыбым.
Нұратаның қай жеріне жерленді,
Әйтекенің көрейінші қабірін.
Тұтас түркі уәләятын құрушы,
Шоқайұлы Мұстафа деп таныдың.
Рысқұлов Тұрар бабам осында,
Сталиннің әлсіреткен әмірін.
Бұл мекенде мұхит Мұхтар Әуезов –
Алған еді тәрбиесін, тәлімін.
Базар жырау қадірлі боп баршаға,
Соққан еді даңсалы жыр дабылын.
Қас батыр, деп, генерал, деп сыйлады ел,
Қазағымның Рахимов Сабырын.
Екі халық деп санасын ел мейлі,
Өршіл сенім өр кеудемді кернейді.
Қазақ – Өзбек нән дарақтың бұтағы
Тек тәңірден басқа ешкім бөлмейді.
Назарбаев, Кәрімовтей қос шыңым,
Мәңгі тату туыстықтың қосты үнін.
Сақтап өссін кейінгі жасөспірім,
Қазақтар мен өзбектердің достығын!!!
Сағыныштан тұмар тағып жаныма,
Куә болдым сенің шаттық шағыңа
Есен-сау бол, елжіреген ел-жұртым,
Нәсіп етсе кездесерміз тағы да




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу