Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  612


Автор: Жанат Әскербекқызы

Қарқаралы. Қасым-өлең. Қасқа жол.

Қара өлеңді түнеткен Қарқаралы –
Қара бұлтты жүк қылып арқалады.
Қара бұлттан Қасым боп өлең селдеп,
Мәди салған сазды бір ән тамады.
Қасым-өлең кезеді аспан елін,
Шөліркетіп Арқаның қасқа белін.
«Қара өлеңнің сезбесең құдыретін,
Ей, жат пенде, жерімді баспа менің» -
Деп тұрғандай өрт-кеуде дауыл-ақын,
Поэзия демінен сауығатын,
«Өртенген үй орнына өскен» гүлдің
Тағдырына жүрегі ауыратын.
Асқақ жыры – ақ алмас ақын Қасым,
Айта алмаса айтарын – ақынға сын!
«Сертке ұстаған семсер-жыр» жалт ойнатып,
Нөсерлетіп, көк аспан шатырласын!
«Өртке тиген дауылдай» өр екпінді
Ерен жырды қалың жұрт керек қылды.
Қарқаралы – қара өлең ордасы боп,
Қасым рухы піріндей демеп тұрды.
Көрген жанды ойға сап, қайран қылып,
Қарқаралы биігін айналды бұлт.
«Дариға-қыз» қол бұлғар арасынан
Мәңгі өмірдің сағымын сайран қылып.
Қара өлеңнің ордасы – Қарқаралы,
Абат мекен, кең жайлау Арқадағы.
Қасым салған қасқа жол үстіндегі
Қара өлеңнің тілінен бал тамады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу