Өлеңдер ✍️
ЖЫЛАН ОРДАСЫН ӨРТЕУ
Сауыр таудың қойнында бар бiр аңғар,
Сол аңғарды мекендейтiн жыландар.
Жықпыл-жықпыл, қорыс-қопа, ши,
шеңгел,
Желмен сыңсып, күңiренер кiлең зар.
Қаулап өскен қараған мен миясы,
Өрiп жүрген улы жылан ұясы.
Топырағынан тышқан iзiн таппайсың
Зәрдей ащы жемiсi мен жуасы.
Қызуымен қақтағанда күн ысып,
Қалың қаулан қалтырайтын құнысып.
Шұқанақта қара шұбар жыландар
Шұп-шұбар боп жататұғын ұйысып.
Заттың бәрi шұбар едi мұндағы,
Шұбар едi тас пенен шөп, гүл – бәрi.
Көз аударсаң жыландарға көп қарап,
Шұп-шұбар боп көрiнетiн Күн-дағы.
...Шiлде кезi,
Шiлiңгiр күн тұр жанып,
Бiр топ бала бұғып жеттiк ұрланып.
Құжынаған, быжынаған жыландар
Жатыр екен шырмауықтай шырмалып.
Жұрт аузында жылдар бойы жүрерлiк
Жеткен едiк жасамақ боп бiр ерлiк.
Шартылдатып шырпы шағып жан-жақтан
Шадырадай шөпке тастап жiбердiк.
Күйiп тұрған жықпыл жыныс лап еттi,
Қаулаған өрт аңғар iшiн әкеттi.
Ұйқы-тұйқы, аласұрды жыландар
Сақ-сақ күлiп сайтандай от сап еттi.
Ұмар-жұмар, опыр-топыр үймелеп,
Ию-қию, жыпыр-жыпыр кимелеп.
Сансыз «сүлiк» састы сусып сумаңдап,
Лап еткенде қалың қопа, ши кенет.
Жанталасқан, арпалысқан жыландар,
Жанұшырып, қайшыласқан жыландар.
Ысқырынып, отты шаққан жыландар,
Өрт жалынмен жауша алысқан жыландар.
«Құжынаған, қарашұбар жыландар,
Күйгенi бар, шаласы бар жыландар.
Жан-жағынан жалын тiлi жалаңдап,
Сумаң-сумаң аласұрған жыландар.
Ордалары ойрандалған шұбарлар,
Қара орманы майдан болған шұбарлар.
Жарық күнi қараң болған шұбарлар,
Тағдырлары тамамдалған шұбарлар...
Бiрi жерге, бiрi көкке ұмтылып,
Бiрi отта, бiрi шоқта бұлқынып.
Мың оралып, мың жазылып, серпiлiп,
Сансыз сабау сабағандай жүн-түбiт.
Шиыр-шиыр ширатылып бiреуi,
Шиыршық боп қырға атылып бiреуi,
Бұратылып, шырматылып бiреуi,
Құлар басын құмға тығып бiреуi.
Шыбын жаны шырқыраған жыландар,
Түтеп, жанып, бұрқыраған жыландар.
Шоқ iшiнде шатыр-шұтыр атылып,
Сапырылды сұрқы жаман бұл аңғар.
Жыланға да жан аши ма шынымен?..
Жар басынан жадау жүзбен үңiлем.
Сүйретiлiп сүйрiктей бiр жыланшық,
Жылжып бара жатты шидiң түбiнен!..
Тiс жармадық, тiл қатпадық кетерде,
Байғұстарды өртедiк-ау бекерге.
Жанарымнан тамып түскен
Тамшы жас
Тажал өрттi сөндiруге жетер ме?!
Күнәсi мол беу, балалық шақтарды-ай,
Кете барған ар алдында ақталмай.
Кейде жанды қоярға жер таппаймын,
Жүрегiмдi сол жыландар шаққандай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter