Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  528


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЕЗДЕ

Тентек ем текке қызынар
Қиқарлау бала кезiмде.
Әлi де соның iзi бар
Сезiмiм менен сөзiмде.
Тентектiң жауы – жездесi, –
Кеудеме талай толды «кек».
Әпкемнен аян безбесi
«Балдызым бұзық болды» деп.
Аңдатпай кесiп айылын,
Атынан оны жығамын.
Әпкемнен күтем қайырым
Ашылған шақта ылаңым.
Ашуға әпкем сөз берер,
Қабақты мен де түйемiн.
Апыр-ау, қалай төзбек ол
Атынан жықсам күйеуiн!
Ал жездем күлiп жайменен
Үстiнiң шаңын қағатын.
Қолына түссем сонда мен,
Қытықтап өшiн алатын...
...Тентектiк үшiн не түрлi
Бұралды бiрде құлағым.
Мендегi әйбат кекiлдi
Қиқалап құртты мұғалiм.
Дәптермен жауып төбемдi,
Долданып келдiм үйге мен.
Зомбылық-зорлық дегендi
Сол күнi тұңғыш бiлген ем.
Жыладым жатып ызадан,
Қағытып жездем мәз болды.
«Таз болар деушi едi жылаған,
Мiнеки, басың таз болды».
Сүрттiм де жасын көзiмнiң
Сөйледiм зiлдi: «Жүр әрмен,
Шашыңды жұлсам өзiңнiң
Жылар ма ең, әлде шыдар ма ең?»
«Шыдаймын» дейдi көңiлдi,
Күлкiсi батты шымбайға.
Шашына салдым қолымды,
Шыдамын байқау тұрды ойда.
Қайратты бiткен қара шаш,
Шеңгелдей тартып тұрғаным.
Сұрамай жездем араша,
«Осы ма, – дейдi – жұлғаның?
Жүрсiң-ау босқа соғып нан,
Қайраты қайда балдыздың?
Келмейтiн шығар қолыңнан
Сабағын да үзу қарбыздың!»
Саусаққа шашты орадым,
Жұлқыдым қатты уыстап.
Жұлынған шашқа қарадым
Тұрғандай бейне ту ұстап...
Ал жездем, жездем... күледi...
Бай едi неткен төзiмге?
Қолымда шашы тұр едi...
Сол сурет қалды көзiмде...
...Бүгiн жоқ, жездем... Ол кеттi,
Қаза боп қоғам мүлкi үшiн.
Өлерде: «Ажал, кел» дептi
Бұзбастан нұрлы күлкiсiн.
Артында қалды жиенiм,
Мiнезi қонған осыған.
Бетiнен оның сүйемiн,
Сипаймын қара шашынан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу