Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
91
Сұм тіршілік...
Сұм тіршілік... Балы - тұз да, тұзы – бал,
Жайымды ұқса, жаз ұқпайды, күз ұғар.
Көктем келді...ағыл-тегіл аспан-жер,
Жүрегімнің мәңгі ерімес мұзы бар.
Түн дөңбекшір, тәтті ұйқысы бұзылған,
Ұлпа бұлтқа сіңіп барып үзілді ән.
Айғыздады қара жердің алқымын,
Көкірегімнен тамшылаған қызыл қан.
Жалғанға жат – жалғыз өзім, жан жарлы,
Бей-жай әлем таңдай қағып, таң қалды.
Ойым өксіп, тілдеспек ед өзгемен –
Парық білмес патша-кеуде паңданды.
Тұмау дүние тұманға тұр тұншығып,
Тырбыңдайды түйіні жоқ тіршілік.
Қайтсем екен жүрегімді мұз қатқан –
Қайыңға да келе жатыр бүр шығып.
Тәңір-уақыт талқанымды түгесер,
Тәнімді аңдып, тамақтанар түн-есер.
Көкірегімнен тамшылаған қызыл қан,
Жерге сіңер... сіңген жерге гүл өсер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter