Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  75


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚОҢЫР ӨЛЕҢ

Әлемде басқа бояу таусылған ба, –
Қоп-қоңыр:
Орман,
дала,
тау-шыңдар да.
Шығарар оқтын-оқтын даусын қарға,
Дегендей «Мен де келдiм, саусыңдар ма?»
Күткендей жүргiншiсiн сабыр сақтап,
Қойнауға сiңiп жатыр қоңыр соқпақ.
Күңгiрт бұлт дүниенiң көгiн қаптап,
Қалғандай күн тұншығып,
Өмiр тоқтап.
Әлемнiң әлпетiнде –
Ой нышаны,
Қорқа ма жамылудан қарлы шәлi?
Дегендей «Бiрiңдi де тоңдырмаймын», –
Дүниенi құшағына тау қысады.
Бүлкiлдеп күз тамыры –
Момын бұлақ,
Жалықпай жалғап жатыр жолын жырақ.
Қыс түсiп,
Қар баса ма, мұз қыса ма,
Жырына кiрмейтiндей оның, бiрақ.
Қыс келер,
Боранымен басар, көмер,
Қартайған кiсiдей ғой қашан да жер:
Күнi ертең қор боларын сезе тұрып,
Үн-түнсiз тiршiлiгiн жасай берер!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу