Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  119


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қанатқаққан

Бұл ғұмыр – дария-дәурен, ғазал-дастан,
Ғазалды жаза алмастан мазам қашқан.
Көңілдің архивіне көміп едім,
Көнедей көп сүрленіп, тозаң басқан.
Ер өткен Бақанаста Кәмей деген,
Бағы асқан бай да демен, кедей демен.
Сияғы жантақпенен жанасса да
Қиялы көк аспанды шенейлеген.
Аңыздың маңызын да есептемей,
Жүрсек те мойын бұрмай өсекке кей,
Бұл тарих елеуішпен елегенде,
Кепсерден өтпей қалған кесек Кәмей.
Ер Кәмей алмағайып түс көріпті,
Сол түсін бір көргенде үш көріпті.
Өз түсін өзі жорып,
Жаранына
Жар салып, жинатыпты күш-көлікті:
«Мен үшін ашылып тұр көкке қақпа,
Ұшамын қанат байлап Мекке жаққа.
Беріңдер сексеуілден тау тұрғызып,
Ағайын, қол қусырып текке жатпа!
Жолымды өткелектер сан күрмеді,
Жұмсап тұр бір қиырға тағдыр мені.
Аталар аян беріп
«Көкке ұшасың,
Қанатын аққу құстың алдыр» деді.
Қанаты аққу құстың қайда, ағайын,
Қанеки, әкеліңдер, байланайын.
Ұшайын құрбан шалып, құран ашып,
Атамның аянынан айналайын.
Жосықта жөпшеңкіден жасқанбап ем,
Жазмыштан құтылмайсың қашқанменен.
Жұрт құсап жер бауырлап жүре алмаймын,
Меккеге мен барамын аспанменен!».
Біздерге жеткізгендей уәлі аңыз,
Ер Кәмей жігіт екен дуалы ауыз.
Ел-жұрты сексеуілді тау қып үйді:
«Ғажапты көреміз деп, міне нағыз».
Түйемен түп тамырдан суырғанда,
Қалмапты бір сексеуіл жуыр маңда.
Ілеге сол бір жылы аққу қонбай,
Қанаты бірқазанның бұйырғанда.
Бақанас – құмды-нулы, сабатты аймақ,
Іленің суы жатты жалап қаймақ.
Біреулер тұрған кезде тамақты ойлап,
Биікте Кәмей тұрды қанат байлап.
Әзелден әуелеуге ақын ғашық,
Төменде тілеулес ел мақұлдасып,
Қанатын қомдап қойып Кәмей тұрды,
Көңілі көк аспанмен жақындасып.
Сыбырсыз, сілтідейін жел тыныпты,
Сабырсыз, сақабатты ел тұрыпты.
Көрсетіп жұрт көрмеген ер қылықты,
Секіріп Кәмей сері серпіліпті!
Қиялы сол қазақтың жыраққа ұшты,
Ғаламның тарту күші, бірақ күшті.
Сексеуіл төбесінен секіргенде
Қанаты қалбаң қағып құлап түсті.
Кәмей ер құлап жатып көтерем боп,
Айтыпты: «Аманатты өтегем жоқ.
Бірқазан болдым, әттең,
Аққу болсам –
Сыңғырлап Меккеге ұшып кетер ем!» деп.
Қанатты ғасырлардың басы болған,
Адамды аспандатар асыл арман.
Тоқтар мен Талғаттарды көкке тартқан,
Кәмейдің ұлы ерлігін
Жасыра алман.
Жасартып жататұғын кексе құмды.
Кім бар-ау тұғыр еткен сексеуілді?
Құм шөлмен тіршілікке көп таласып,
Сексеуіл бұл ғұмырда көп шегінді.
Береке Бақанасқа егіз біткен,
Ұша алмас қырғауылы семіздіктен.
Қояны тоқтыдайын томырылып,
Аңшысы арылмаған қолүздіктен.
Іле су, аман болсын ақ шағалаң,
Бірқазан құсыңды да жат санаман.
Өмірі естен кетпес осы аңызды
Естіп ем Өмірзақтай жақсы ағадан.
Жеткен соң бір ұшқыны нұр ғазалдың,
Десем де бұлттан биік жыр жазармын;
Аққудың қауырсыны қат болған соң,
Қанатын қалам еттім бірқазанның...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу