file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  153


Автор: Ербол Бейілхан

ЛАРЬ ТАҢЫ

Тау ұлымын, етін жеген ұлардың,
Жапырағы көгеріпті шынардың.
Белін буып белден асты сыңар күн,
Өлді бір күн, өкініштен жылармын.
Қоңыр кеште, түнге аударды иығын,
Екінті өтті, Ақшам келді ұйыдым.
Лайланса не істеймін тұнығым,
Аласарса не қылмақпын биігім!?
Жер бауырлап қараңғылық жүгірді,
Тау құшынып, үкі оянып үңілді.
Гүл тонады ұяң тартып тым үнсіз,
Тек жарғанат суылдайды тынымсыз.
Өмір-өзен, ажал салған қармағын,
Бір шыбықтың мерт қылған-ай, арманын.
Жанарына жас алған-ау, Айдағы,
Біздің ұлттың қырылғанда қаймағы.
Кәрі еменнің дірілдейді жүрегі,
Иманы ұшып, ажал барын біледі.
Неміс жері, жасыл орман ішінен,
Сыбырлайды аруақтар сүйегі.
Соғыс дерті кетпесе де жүректен,
Қанға бөккен сол далаға гүл еккен.
Осынау бір қайсар ұлтты сыйлаймын,
Өр рухын баса алмаған қандай мұң.
Мұрын жарған, иісін-ай, сереннің,
Сөзге келсем, түзу атқан беренмін.
Түн тыңдады көзі соқыр жырымды,
Таң бозарды қараңғылық түрілді.
Барыс едім, тағысындай даланың,
Құл екенмін, құбылаға қарадым.
Әсем үнін мен сағындым ұлардың,
Тағы міне, бір таңы атты Лардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу