Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  149


Автор: Ербол Бейілхан

БЕТТЕ ӘЖІМ ЖОҚ, ЖҮРЕК НЕГЕ ҚАРТАЙДЫҢ...

Төбесінде хан сарайы күңгейдің,
Ортасында парон жүзген Рейннің.
Ит тұмсығы кірмес орман тау қаптап,
Өмір сырғып бара жатыр тайғақтап.
Тау етегі толған тәтті жүзімге,
Қайран өмір келер сары күзіңде.
Неміс қызы ақшыл сары реңді,
Табиғатты-ай, түрлі-түсті кілемді.
Кәрі түрік, сатып отыр кофесін,
Кофе ішкен поляк сүртті шекесін.
Қазақ мынау: өңі барда қаны жоқ,
Былдырлаған сөзі бар да, әні жоқ.
Көңіл сынды, сәулесіндей жарты Айдың,
Бетте әжім жоқ, жүрек неге қартайдың.
Шайырлығым, ұстады да шалқайдым,
Арландары-ай, қынсыламас Алтайдың.
Гүлді-ай, көркем, жақұт алқа тағынған,
Кейбір қазақ, рухы өліп шағылған.
Тағдыр-қайық, бұра алмас желкенін,
Кельнде жүр бір аруы Меркенің...
Жазыла ма, уақыттың жарасы,
Қазақ қызы көзін сатқан даяшы.
Өзге тілді тез меңгерген қаракөз,
Ана тілін ұмытып қапты қарашы.
Өкініштен өртенеді өзегім.
Бар еді ғой туын тіккен өз елім.
Бақыт деген-қазақ құрған Отаным,
Соны сүйем, сұрамаңдар себебін.
Жүрегімді торлаған-ай, ерте мұң,
Үмітімді тастай алмай ертемін.
Жеті тауға қараймын да жетілген,
Монтабаурда домбырамды шертемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу