file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  282


Автор: Ербол Бейілхан

СІЗДЕРГЕ БОЛСЫН ҚАЙЫРЛЫ...

Мен туған тауды көрсең-ау, шіркін,
құз еді!
Бесбоғданың етегі-басы мұз еді.
Тоғыз көлдің қаздары қайтқан қаңқылдап,
Біз кеткенде күз еді...
Ортасай жайлау... апам жайар өресін,
Қозы көгендеп, желі бауын керетін.
Қаракөл беті аққу-қаздардың әні боп,
Таңменен түлік өретін.
Қаракөк едім, жүйрік кетпеген тақымнан,
Қара өлең едім, бақыт ұшпаған басымнан.
Қазақтың салты балалығымнан бойымда,
Қаныма сіңген жасымнан.
Шың етегінде Шаңбақкөл жатыр, әсемді,
Ақсайдың сайы көкорай шалғын әсерлі.
Ақсайда жатқан Сарыкөл сені жек көрем,
Жұтқансың есіл әкемді...
Жаматы, Усай дүбірлі думан болған жер,
Сәйліктің басы атамыз таңдап қонған жер.
Көлделеңдеп көз алдымнан кетпейсің,
Анамның жасы тамған жер...
Арқар мен құлжа, тәуешкі толған
құз далаң,
Шыңдарың қандай такаппар қыздай
сыздаған.
Бабадан қалған қазақы дәстүр бір сенде,
Заманның сеңі бұзбаған.
Сағыныш кернеп жүректі талай айырды,
Үш Ойғыр өзің туғансың мендей шайырды.
Төрт ұрпақ түлеп, біздерден қалған Бесбоғда,
Сіздерге болсын қайырлы...
Сіздерге болсын қайырлы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу