file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  177


Автор: Ербол Бейілхан

ҚҰЛЫН ЖАСТЫҚ

Ермен аңқып, іргесінен хош кірген,
Жотасы жон, асқар тауы көк тілген.
Шаңырақтан жұлдыздармен сырласып,
Ай жастанып, киіз үйде өстім Мен.
Мамық бұлттан жабушы едім көрпемді,
Асу белге тірейтінмін желкемді.
Көкбөрі ұлып, шолпан туа көз ілсем,
Құстар дауысы оятатын ертеңгі.
Рауанды таңмен талас тұрасың,
Бабалардың жалғастырып мұрасын.
Үйір жылқы, шұрқыраған жас құлын,
Қанаттанып, бие бауға қуасың.
Тарихымды оқитынмын тасымнан,
Түндерім-ай, Ай бұтаққа асылған.
Әжелерім өре тола құрт жайып,
Саба-саба сары қымыз сапырған.
Қартқа сақтап қазы-қарта, жаясын,
Ашамайға мінгізетін баласын.
Сол ауылды, ерке өмірді сағынам,
Қозы бағып, қой қосақтап сауатын.
Қайтқан құстың қанатында жыл шұбап,
Құйын – дүние, барасыңба бұрқырап.
Құса болып, там үйлерден оянам,
Құлын жастық, желі бауда шұрқырап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу