file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  131


Автор: Ербол Бейілхан

ҚҰРЫҚ ТИДІ, КҮЗ ДЕГЕН КҮРЕҢІМЕ...

Қаздардың қаңқылында ұйыды айран,
Айға қарап ұлыды сынық арман.
Сардалаға шегіртке шерін шертіп,
Түңілді тындырымсыз сиығынан.
Күн – мейір, таратады ізгілік ән,
Уақыт жетектеді шылбырымнан.
Құм – өмір, кесірткені домалатып,
Күз үрікті қамыс-қоға сыбдырынан.
Тобылғы қырындайды ырғайына,
Қырман бітті, қарғалар құндағында...
Қыс қамымен малшының басы ауырып,
Ала қыран сенеді тырнағына.
Күреңітіп, шетен күз ән салады,
Ақселеудің кекілін жел тарады.
Тыраулаған тырнаның жолы ауыр,
Тырна мінген бөдене тамсанады.
Құрық тиді, күз деген күреңіме,
Ызғар бар сұры аспанның сүреңінде.
Қоштасудан жанары жасқа толған,
Қайтқан құстың қосылдым тілеуіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу