Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  112


Автор: Ербол Бейілхан

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫҢ ІЛГЕРІ

“Жылқы жылың ілгері” дейтін атам,
“Басқа түссе, баспақшыл “дейтін апам.
Ала таңда шай құйып қара шалға,
Айналсоқтап қамымды жейтін апам.
Құлын едім кекілді, Кісінеген,
Ішіме мұң кірмеген, түсіме өлең.
Қиялымнан қырдағы жусан бүрлеп,
Жарысушы ем арманның құсыменен.
Есте бәрі: балғын шақ, баяғы із,
Тауда қалды қой баққан таяғымыз?!
Таралғыда шіреніп тұлпар шаптық,
Үзеңгіге жетпестен аяғымыз.
Шоқтығына жармасып Ай - ғұмырдың,
Тәңір жазған пешенем сан құбылдың...
Атам айтқан “жылқы жыл ілгері екен”,
Томарына тағдырдың сан жығылдым.
Мұңы тағы: сан батпан ойы бардың,
Қара мысық қоспадым жолына ардың.
Сынағына өмірдің жасығам жоқ,
“Басқа түссе, баспақшыл “ болып алдым.
Қуат алып киелі сөз отынан,
Болашағын ұрпақтың жеп отырам!
Жылқы жайлы аз білер ұл-қызыма,
“Жылқы жылың ілгері” деп отырам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу