Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
490
АЛЛИТЕРАЦИЯ...
Бозторғай – жүрек, бозала таңды тербеген,
Боз жусан – көңіл, асығып жетті көктемге!
Боталап көзің, ақ қайын іздеп келген ең,
Бәйшешек жауған сіңдің де
кеттің бөктерге?..
Бұртиып барып бүр ашқан ерке қайындай,
Бұйығы мінез, сырларың қалды бұйратта.
Бұлақ – күлкілі... тамыздың тәтті айындай,
Байғыз шақырды атыңды айтып қыр жақта.
Бидайық құстай алыстап кеттің бұлдырап,
Бүркіт – қиялдың үзілмес жібек үміті.
Бұйра бұлттардан сағыныш жауды
құлдырап,
Бұлдырық күннің шашылып қалды түбіті.
Баянсыз жалған, белдеуге
барад(ы) байланбай,
Бақыт дегенін: сәттер мен кездер өтпелі...
Буыршын шөккен...шарадай
баспен ойланбай
Баяндай ару, тұрмаймын сені кеш мені!?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter