Өлеңдер ✍️
ҚАРА ӨЛЕҢ
Бұл қара өлең – бабалардың мақамы,
Әр сөзінде тарихымыз жатады.
Дұғасы мен дуасы бар аузында,
Қадірлі еді бұрыңғының сақалы.
Қадірлі еді бұрынғының қарттары,
Төрт тағалы, ерттеулі еді аттары.
Сөзі мен көзін сатып би, ханға,
Атақ үшін бірін-бірі сатпады.
Абыз еді, шежіре еді, көнелі,
Аузында Алла, терең еді өлеңі.
Бір ауылға бір қария ұйытқы боп,
Сүрінген мен жығылғанды демеді.
Табиғаты оқып туған текті еді,
Батыр еді, ақын еді төкпелі.
Уық иіп, арқан тілді, қамшы өріп,
Он саусағы өнер тамған епті еді.
Жорға мінді, мінген емес есекке,
Көзі жетпей сенген емес өсекке.
Қалың беріп, қатын алды қос-қостан,
Көрінгенді шақырмады төсекке.
Белдеуде – ат, қыран қонды тұғырға,
Бие байлап, ноқта салды құлынға.
Қазанатты азамат боп өтті олар,
Қызыл-жасыл мынау бес күн ғұмырда.
Бұл қара өлең – бабалардың мирасы,
Туғанда айтқан, өлгенде айтқан қимасы.
Іркес-тіркес керуен көшіп барады,
Бас атанның үзілмесін бұйдасы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter