Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  179


Автор: Ербол Бейілхан

ҚҰДАША – КҮЗ

Күздiң түнi қою аппақ тұманды,
Қалың тұман адастырма қыранды!?
Қобы тартқан, төрт аяғын тағалап,
Күреңтөбел тұлпар мiндiм, тұмарлы.
Есiк алды топ шеңгелдi, қараған,
Құдаша – күз сары шашын тараған.
Уақытқа жастығымды тонатып,
Жолаушымын таппас жоғын қараған?..
Балалықтың қалды сонда сiлемi,
Мен, Алтайды сағынамын үнемi!
Тауға қарап кiсiнейдi жер тарпып,
Күз мiнгiзген сағыныштың күреңi...
Құдаша – күз аялдашы қасыма,
Қарасаңшы, жанарыма, жасыма?..
Қол ұстасып сен екеумiз бiр күнi,
Шығар ма едiк, Бесбоғданың басына.
Бура бұлттар – Бесбоғдадан өргенде,
Күреңтөбел, Ақбоз болар кермемде...
Жанарымның жапырағы сарғайып,
Сағыныштар тамшылайды кеудемде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу