Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.08.2022
119
Тереземнен күн қарайды...
Тереземнен күн қарайды,
Тереземнен түн қарайды.
Бозғылт бөлмем көп іздейді,
Жүзіне мұң тұнған айды.
Көңіл нені сезіп еді,
Күлкі сорлы көзігеді.
Ай жүзінен аунған нұр
Төсіме кеп көз іледі.
Терек мүлгір күнәлі боп,
Көкке қояр сұрағы жоқ.
Қара шашын жел жұлмалап,
Қаракөз түн жылады көп.
Көңіл қара күнге өшіге,
Жоғалғандай кіл несібе.
...Күнә табын тұмшалады
Қиянатын түн кешіре.
Күн мұңайды – күндемедім,
Түн жылайды – үндемедім.
Тұнжырайды терезем де –
Түсінерін білген едім...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter