Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  146


Автор: Байыт Қабанұлы

МЕН ШАРШАДЫМ

Баз біреулер өсек айтып,
ұрсып, сабап жатпаса да
мен шаршадым себебі не білмеймін,
Күндіз түні тыштық бермей
жүкке салған атандаймын, пілдеймін.
Арқа басым жауыр менің
тұман басқан түнек қара түндеймін,
Мен бір жаққа асығамын
өзімді өзім қамшылаймын «жүр» деймін.
Жайын тыныш отыратын еш жағдай жоқ
айналамның бәрі тікен тас кілең,
Жеген тамақ, ішкен сусын
кең даланың ауасын да
уландырған секілді зәр ащымен.
Тұсамыссыз тұсауланғам
жүруге де мүмкіндік жоқ
ашық аспан астымен,
Жер бетінің бар адамы
адам емес сияқты өңкей қаскүнем.
Себебі сол мына өмірдің қыр-сырына
еш күмәнсіз қанықтым мен қанықтым,
Қанықтым да айла амалын іздеп едім
таба алмадым тарықтым.
Қап-қараңғы түнек жатыр
ар жағында жарықтың,
Қызыл судай өтірік бар
астарында анықтың...
Бүгін маған тас та қайғы тау қайғы,
Тұз секілді ащы
біткен, тәтті біткен
ғаріп жанды жатырқамай жаулайды.
Құз секілді
құламадан құлағанда
құндақ өлең жамбасыма төселіп,
Мұз секілді
мына өмірден жалыққанда,
қыз секілді
көктем келіп көңілімді аулайды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу