Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  123


Автор: Байыт Қабанұлы

САРЫ ҚЫЗ

(Гүлмайра Қатыранқызына)
Отыз жылдың алдындағы
шашын буған кіп-кішкентай сары қыз,
Бүгін маған кез болдың-ау
екеумізді кездестірген секілденіп сары күз.
Асыр салып ойнап жүріп
біреумізге біреуіміз қараушы едік тасқынданып
қанымыз,
Неткен ғажап пәктік еді,
сонда неткен асқақ еді жанымыз.
Балғын едің кезіп жүріп сезімімнің тереңін,
Желкілдетіп аппақ таза балалықтың желегін.
Қолымдағы тастың санын табамын деп
көзің жұмып ойланып,
Ішімдегі жансырымды тауып кеткен
«данышпан» қыз сен едің.
Енді бүгін кез боп қалсақ
көзімізге жалын емес жас келді,
Сен де ойландың, мен де ойландым
ұрпағымыз жанымыздан тас терді.
Менің ұлым
гитарамен махаббаттық ән салып,
Сенің қызың
тірсегіне түскен әсем шашты өрді.
Ұлы уақыт саған қарап, маған қарап
өзімізді көрсеткендей кешегі,
Туған жердің ақ самалы болып келіп
сені сипап, мені түйіп еседі.
Менің ұлым саған келіп
белін бүгіп маңдайынан иіскетіп,
Сенің қызың маған келіп тап-талдырмаш қолын
беріп, ақ маңдайын төседі.
О құдірет неткен қатал,
неткен ғажап береген ең
қарызыңды қалай ғана өтейін,
Қуанам ба, жұбанам ба нетейін.
Күйеуіңді қызғандырып
тағы да бір сен тесілші менің ойлы көзіме,
Әйелімнің кеудесіне от жандырып
мен де саған қарай-қарай кетейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу