file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  189


Автор: Есләм Зікібаев

ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН

Бəрін білем,
Бəріне түсінем де...
Ештеңені ұқпайын кісі мен бе?
Сенсіз қалған кездерде пəс отырам
Енжар қалып, еңсемді түсірем де.
Өзің болып ататын таң нұрым да,
Кеудем шөлін басатын жаңбырым да,
Бəрі тоқтап қалатын тəрізденіп,
Жалбарынам тəңіріме, тағдырыма ...
Жаның сенің жарқын ба,
Жарадар ма –
Айта алмайсың ашылып бар адамға
Түсінбейсің бəрібір жайшылықта,
Түсінесің тек мен боп қарағанда.
Махаббатты «бар» дейді,
«жоқ» дейді де,
Нұрсыз, сусыз бəйшешек көктейді ме?
Өз басынан кешпеген түсінбейді,
Ал мендей күй кешкен жан сөкпейді де.
Бəлкім, сұлу емессің,
қарапайым,
Қай сырымды басқаға таратайын.
Бір-ақ мысқал өзгеріп кетер болсаң,
Жоғалардай бəрі де жазатайым.
Осы қалпың,
Дəл осы күйіңменен
Шыр көбелек көңілімді үйірген ең.
Артық емес,
Кем де емес, келістіріп
Табиғаттың сыйлаған сыйын көрем.
Осы жаста сан қырды кезіппін мен,
Жақсыны да,
Жаманды сезіп, білгем.
Алмағайып арманда кетер ме едім,
Өтпесін деп жылдарым бекер менің
Тағдырыма ризамын – өзіңменен
Көз ілмеген кезімде кезіктірген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу