file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  145


Автор: Есләм Зікібаев

ТҮСІНСЕҢ БОЛДЫ, АППАҒЫМ

Біреуге жақтым,
Біреуге мүлде жақпадым,
Дос түгіл, тіптен тілеген жоқпын жатқа мұң.
Талайдың көрдім айнала беріп сатқанын,
Мен бірақ бірін сатпадым.
Басқа жұрт білсін,
Білмесін, маған бəрібір –
Тек өзің біліп,
Түсінсең болды, аппағым.
Түсінсең болды,
Басқаны тіптен тілемен,
Жайсаң жандарға жақсылық қана тілегем.
Қолымнан келсе,
Шуақ боп келем кімге де,
Жолына майса гүл егем.
Алдаған емен,
Алдамаспын да пендені,
Алдау мен арбау қолымнан менің келмеді,
Онсыз да пəле кем бе еді?
Қабағын шытып,
Қапа боп қалса біреулер –
Сыздады жүрек,
Жаныма маза бермеді.
Түсінер біреу,
Түсінбес, бəлкім –
Бəрібір,
Түсінсең болды сен мені.
Мақтасам ерді,
Тассын деп нұры мақтадым,
Қалдырып көңілін,
Біреуді бетке қақпадым.
«Қиянат қылма тірлікте тірі пендеге» –
Дейтұғын əкем,
Жадымда мəңгі сақтадым.
Жақсылық жасап досымның дұшпандарына,
Кей-кейде содан жақпадым,
Түсінер оны,
Түсінбес, бəлкім, біреулер,
Сен өзің ұғып,
Түсінсең болды, аппағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу