Өлеңдер ✍️
ҚАНДАЙ ҒАНА ҚҰДІРЕТ
Қандай ғана құдірет сезім деген,
Өзге түгіл, өзіңе сезілмеген.
Көңіліме күй болып қайта оралдың,
Тіршіліктен баз кешкен кезімде мен.
Бұл күйімді басқалар байқамасын,
Ақыл-сезім –
Көрдің бе тайталасын!
Отқа түсер көзсізбін көбелектей –
Он сегізге келгендей қайта жасым.
Балалығы – бал күйі арылмаған,
Балғын сезім сыйлайды бəрін маған.
Он сегізім өрімдей қайта оралды,
Қайта оралды жастығым жалындаған.
Менің күйім –
Оны ешкім түсінбейді,
Үлкен түгіл, көзіне кіші ілмейді.
Махаббаттың жалауын бір тіккен жан
Қайтып оны өлсе де түсірмейді.
Түсірмейді –
Көреді ар туындай,
Жан теңгермей, қарашы, шалқуымды-ай!
Махаббат па?
Махаббат табиғаттың
Таңдап қана сыйлайтын тартуындай.
Керек емес байлығың үйіп-төксең,
Мерейімді жетеді-ау биіктетсең.
Жанған отым бойымда қайта сөнбей,
Он сегіз боп, ризамын, күйіп кетсем,
Он сегіз боп, ризамын, күйіп кетсем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter