Өлеңдер ✍️
ТҰРАҚТАҒАМ
Күлкің қайда,
Жаным-ау, күлкің қайда,
Ойынға бастап тұрар құлқың қайда?
Арамыздан қанша жыл ағып өткен
Жүрек шіркін сонда да бір тынбайды, ə?!
Таң нұры боп кіруші ең арайлана,
Қараушы едің назданып шар айнаға,
Өң мен түстей құс-уақыт ұшып кеткен,
Бəрі жылдам өзгерген қалай ғана?
Күй төккендей домбыра шанағынан,
Нұр құйылып тұратын жанарыңнан.
Еске түссе,
Сол кезге қарғыс айтам
Досқа күлкі,
Дұшпанға таба қылған.
Саған қайдам, жетті ме, жетпеді ме –
Əлі жүрмін жырақтау,
Шеткеріде.
Өзімді өзім аяусыз жерлеп келем
Бір ашудың құлы боп кеткеніме.
Тарқамаған жанымның жастық əні
Сені ойласам еріксіз мас қылады.
Табыстырып,
Бірақ та қауыштырмай
Тұрған мына тағдырдың қастығы əлі,
Жақындамай бала дос жатсынады.
Жатсына бер, жатсынсаң,
Амалым не,
Көктем өткен,
Толмайды дала гүлге.
Көріскенде дос болып көріссек қой,
Бəрі бір оралмаспыз бала күнге!
Күндер кетті ұнатқан,
Ұнатпаған ...
Уақыт кімді кімдерге сынатпаған,
Бұрынғыша қарай бер, шырақ, маған.
Жел басылып,
Кеудемде дауыл тынып,
Мен де бұл күн жай тауып, тұрақтағам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter