Өлеңдер ✍️
САҒЫНЫП ЖҮРМІН
Не десең о де,
Не десең о де, бауырым,
Баса алмай жүрмін жанымның жойқын дауылын.
Аса алмай жүрмін –
Тағдырдың алда тауы мың ...
Жаза алмай жүрмін
Арғымақ – арман бауырын,
Қаза алмай жүрмін –
Қазыналы жердің сауырын,
Жиырмамен кеткен жастықтың сайран-сауығын,
Ол – енді менің қайта орылмайтын ауылым,
Ол – енді мəңгі қайталанбайтын дəуірім!
Қамалап келіп тірліктің мың сан сұрағы,
Төзімді жəне өзімді талай сынады.
Тағаты тозып, таусылып бір дем шыдамы,
Шағылып тауы, дей ме екен сағы сынады.
Айнымайын-ақ, айнымайын-ақ деп жүрсем,
Əзəзіл сезім алдымнан қайта шығады,
Қимасым болып қиылып келіп тұрады.
Түндігін түннің көтеріп атқан таңдардай,
Шығады алдан қаракөз – айым армандай.
Қаракөз – айым тебірентіп салған əн қандай,
Сол əнмен тағы еркімді билеп алғандай,
Өзім де білмес сиқырлы бір сыр бары анық –
Қараймын ұзақ,
Қараймын ұзақ қадалып,
Шөліркеп қалған сезімнің көзі талғандай.
Білсең де еркін,
Күлсең де еркін, бауырым,
Жиырмамен кеткен жастықтың сайран-сауығын
Сағынып жүрмін,
Сабылып жүрмін іздеумен –
Ол – енді менің қайта оралмайтын ауылым,
Ол – енді мəңгі қайталанбайтын дəуірім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter