file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  154


Автор: Есләм Зікібаев

Өне бойым өрт болып лаулағаны-ай...

Өне бойым өрт болып лаулағаны-ай,
Кетсем бе екем самалдап тауға қарай,
Сезім өртін өршітпей басатындай
Бір жаңбырдың күркіреп жаумағаны-ай.
Таң тауығы аулақта шақырады,
Сыбдырлайды сезімнің жапырағы.
Менің күйім басқаны күйдірмейді,
Тəтті ұйқыға шомылып жатыр бəрі.
Елегзіген көңілім тыншымайды,
Сезім-саусақ жүректі шымшылайды.
Тəніңді емес, жаныңды жандыратын
Мынау өртке, жаным-ау, кім шыдайды.
Алыс та емес, қол созым жақындасың,
Беймаза шақ мен түгіл, батырға сын.
Не жете алмай қасыңа, не кете алмай
Күйге түсті-ау мүсəпір ақын басым.
Қара жердің бір күнде қар болғаны-ай,
Кең дүниенің қушиып тар болғаны-ай
Ұзақ таңды атырып ой қуумен
Бұл пендеңнің жаутаңдап зар болғаны-ай.
Қар көрмедім Қақпаның күртігіндей,
Таң көрмедім дəл осы бір түнімдей.
Ел ұйқыда, мен ояу елегізіп
Ұзақ таңды атырдым кірпік ілмей
Болып қалды-ау өзіңе ғарпің ғашық
Кетер ме адам көрмесе салқындасып.
Қол жетпеске талпынған Мəжінүндей
Өлеңменен отырмын мауқым басып.
Бұл несі деп таңданып-сөгермісің,
Бықсық шалып түтіндеп сөнер ме ішім.
Не десең де, еркіңде еркім, қалқа,
Саған қарай ұшырдым өлең құсын.
Қор қылсаң да өз еркің, зор қылсаң да,
Адастырып əйтеуір көмдің шаңға.
Алыстаған арманның шырағысың,
Жетсем-ау деп келемін сол бір шаңға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу