Өлеңдер ✍️
СҰЛУЫН-АЙ
Бір қыз көрдім,
Сұлуын, сұлуын-ай!
Қай күні жаратты екен мұны құдай?!
Сұлулығын өзі де білуін-ай,
Айдындағы аққу құсап жүруін-ай!
Жүруін-ай,
Аққудай жүзуін-ай,
Күлуін-ай,
Көздерін сүзуін-ай!
Кезікпейтін кезде бір кезігуі-ай,
Астан-кестен көңілімді бұзуын-ай!
Бұзуын-ай,
Көңілімді бұзуын-ай,
Алабұртқан сезімнің қызуын-ай!
Кəрі сайтан көңілдің бұзығын-ай,
Тарқап кеткен ертерек қызығым-ай!
Несін көрдім,
Сезімге несін ердім?
Кезі ме еді тартылған несібемнің?
Тағдырым ба əлі де сынап жатқан,
Тұнығын шайқайын деп есіл ердің.
Алар ма деп аталық жолды бұза,
Аздыруға жіберген хор қызы ма?
Аздыруға жіберген хор қызы ма,
Неге кеш тумадым деп болдым ыза.
Сұлуын-ай сайтанның,
Сұлуын-ай!
Ит-көңілдің иттей боп ұлуын-ай,
Кемпірқосақ түріндей құбылуы-ай,
Көңілімнің боп кетті-ау тұнығы – лай.
Көңілімнің боп кетті тұнығы – лай,
Көрмегенім жақсы еді мұны құдай!
Ала жібін алпыстың аттай алмай,
Сағымның сынуын-ай!
Сынуын-ай!
Тас төбемнен тəңірдің ұруын-ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter