Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  125


Автор: Есләм Зікібаев

Шым-шытырық айнала түсінбедім түгіне

Шым-шытырық айнала түсінбедім түгіне
Ойлай-ойлай ойдың да жете алмадым түбіне
Аш бөрідей талайды əлі жеткен əлсізді,
Ашкөздене қарайды адамдар бір-біріне.
Қайда кетіп барады мына тірлік қым-ғуыт,
Алабөтен сезімде қауіп-қатер тудырып.
Үрей жеңген бейбақтар қалтырайды қояндай,
Ет жүрегін бəрінің жібергендей су құйып.
Өлмей-жітпей ешкім де, айналдырған аза көп,
Жақсылықты жебесең, жауыздыққа жаза жоқ.
Абай айтқан секілді –
Біз ішпеген қалмады у –
Таза адамға жүру де қиын шығар таза боп.
Бəрі көсем –
Білмейсің кетеріңді кімге еріп.
Санасыздар көбейді,
Панасыздар одан көп,
Жүрер екен күні ертең қайсы қалай күн көріп.
Шыбын жанды жатса да қуырдақтай қуырып,
Алдайды кеп, алдайды қызыл түлкі – қу үміт.
Қорқатыным –
Ағайын ағайынға жат болып
Бара жатыр бауырлар бір-біріне суынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу