Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.08.2022
250
КЕШІР МЕНІ
Кешір мені, табиғат –
Қадіріңе енді-енді жеткендеймін,
Өкіндірді парықсыз өткен кей күн.
Ана тұтып,
Өзіңнен ала беріп
Бересімді ұмытып кеткендеймін.
Өте алмай перзенттік парызымды –
Жүргендеймін қайтармай қарызымды.
Тайға таңба басқандай танып алар
Қалдырмаппын өмірде əлі ізімді.
Пайда жоғын білемін өкінгеннен,
Өткендерім оралмас өтінгенмен.
Сынағысы келгендей өмір маған
Өлеңнің бір кішкентай отын берген.
Теңізшіні шақырған жағалауға,
Алаулатып соны енді жаға алам ба.
Өлең деген өртпен тең –
Бірге күйіп,
Өзім бірге өлгенше жан алам ба.
Сол сауалдың жауабын өзім білмей,
Шыға ма деп ісім мен сөзім бірдей.
Ой дариясын шомамын көп түндерде
Сезімді де қалғытпай,
Көз ілдірмей.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter