file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  131


Автор: Есләм Зікібаев

ШЫДАРМЫН, ШЫДАП КЕЛЕМІН

Бар шығар биігім де, еңісім де,
Жұрт айтар жақсылығым, кем ісім де...
Əйтеуір көзге түрткі кесел болып,
«Əй, кəпір!» атанғам жоқ ел ішінде.
Құп көріп қай сөзімді мақұлдасып,
Жүреді үлкен-кіші ақылдасып.
Ғажабы –
кей туысым алыс кетіп,
жатады кей алысым жақындасып.
Мен оған күйінем де, сүйінем де –
Тағдырдың жол көрсетер биі мен бе?
Ағады өмір-өзен арнасында,
Болғаны – жоғалмаса сыйым елге.
Мақтауым бар есіткен, есітпеген,
Жұрт айтар төрде де емен, есікте емен.
Айдында – ел қатарлы өз қайығым,
Шамамның жеткенінше есіп келем.
Мұнартып алға шықсам,
бірде қалып,
Құмартып таңға асықсам,
бірде налып,
Жүретін жұмыр басты пəтшағармын,
Төбемнен өтіп жатыр күндер ағып.
Қайтсем де бар болмысым дара менің,
Жоқ ешбір қатар аққан параллелім.
Қай топтың додасына түссем дағы
Ақын деп жаңылмастан табады елім.
Сол менің қуат берер қуанышым,
Бағымды сынап көрер шың-алысым.
Несі бар,
Елім деген ердің бəрі
Қиынға қайыспас боп туары шын.
Қиындық па
Соңымнан шұбап берген,
Темірдей тезіне сап сынап көрген.
Шыдармын деп ойлаймын алда дағы,
Бұдан жас кезімде шыдап келгем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу