Өлеңдер ✍️
Қанша бұлдыр болса да, алдың үміт...
Қанша бұлдыр болса да, алдың үміт,
жүргеніңе мəзсің тек барды біліп.
Елу жеті жасымда мұрттай ұштым,
əрнені ойлап, миыма қан құйылып.
Қойдым екем Тəңірдің несін алып,
құлап түстім бір күнде есім ауып.
Құлыншақтай ойнаған қайран күнім,
жүре берді айналып Есіл ағып.
Аурухана, тірлігім – бір ақырет,
келмесе ажал қанжарын тура тіреп,
оңайлықпен өлімге бермейді екен –
айналайын дəрігерлерге рахмет!
Тимесе де жастыққа жар құлағы,
сен боласың аялап аңдығаны.
Кірпік іліп оянсаң – ол тұрады,
сезілмейді дамылдап, қалғығаны.
Сен боласың ұйқысыз аңдығаны,
саған беріп зырлайды барды бəрі.
Үмітіңді тірліктен үздірмейді
«Алаңдама, бар, – дердей, – алдың əлі».
Арқандаулы арманның арғымағы
қанша жардан қапылыс қарғымады!
Жазатайым жазым боп кете ме деп,
дəрігердің дəт-құты қыл үстінде,
сен қалғыдың, ол бірақ қалғымады.
Қашан безіп кеткелі желік менен,
ештеңеге көңілім елікпеген.
Ерденімді есті ғып өсірсем деп,
дəрігеріме Тəңірдей сеніп келем,
тірлігімнің тізгінін беріп келем!
Жастық өтіп, жалыным басылғаны
өрт сезімім өрекпіп тасынбады,
жан сарайым жадырап ашылмады,
Тəңірден де, дəрігерден жəрдем күтіп,
Қамбарларға қараймын қасымдағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter